Қошым – Ноғай Б.С. Достық жоралғы : Балаларға арналған аударма өлеңдер, тақпақтар, санамақтар, жұмбақтар, ертегілер. – Алматы : «Керемет медиа», 2018. – 288 бет.
Нәсіліне, ұлтына, туған жеріне, шыққан тегіне қарамастан ғажайып ғаламшарымызды түкпір – түкпірінде тұратын барлық баланың табиғаты қандай ұқсас десеңші! Тіпті тілі шыға қоймаған әртүрлі ұлттың баласын бір – бірімізбен жүздестіре қалсаңыз, олар өзара «тіл табысып» кетпей ме? Әдетте біз балаларға ересек адамдарды үлгі ретінде ұсынамыз. Періштедей пәк сезімді, жан дүниесі кіршіксіз таза сәбилердің өзі ересек адамдарға үлгі бола алады емес пе?! Әлемнің алуан тілді ақындардың балаларға арналған туындылары да осыны аңғартады.
Қуыр – Қуыр, Қуырмаш: Қазақтың балалар фольклоры : халық өлеңдері, тақпақтар, санамақтар, жұмбақтар, жаңылтпаштар, ойындар, жұмбақ – есептер, мақал – мәтелдер, ертегілер, аңыздар/ Құраст. Б. Қоқым – Ноғай. – Алматы: Рарирет, 2018. – 400 б.
Қазақ ауыз әдебиетінің асыл үлгілері жас ұрпақты тәрбиелеуге орасан зор қызмет атқарады. Ал ауыз әдебиетінің аса маңызды бір саласы – балалар фольклоры болып табылады. Ана әлдиінен, бесік жырынан бастау алатын балалар фольклоры сәбидің азамат болып қалыптасқан кезеңіне дейін тіл ұстартып, ұлттық тәлім беріп, балдырғандардың қиялына қанат бітіреді, оның азаматтық тұлғасының қалыптасуына шынайы әсер етеді.
Кітаптың авторы – Әсем Бақытова. Кейбір азық – түлік өнімдері мен тұрмыстық заттарды пайдалану арқылы балаларды жан – жақты дамытатын ойындар топтастырылған.
Әкірамұлы С. Ұқыпты бала. Балаларға арналған өлеңдер. – Алматы, 2019. – 76 б.
Ақын Серік Әкірамұлының бұл кітабына балаларға арналған әртүрлі тақырыптағы, сан алуан мазмұндағы өлеңдер енген. Автор туындылары арқылы бүгінгі және келешек жас буынды ұлттық рухта, қазақы болмыста, өнегелі, білімді етіп тәрбиелеуге шақырады. Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ел мен жерді сүюге үндейтін өлеңдердің тілі жатық, мазмұны бай, тәрбиелік мәні, тағылымы мол.
Қандай да бір қазақтың халық ертегісін тыңдай қалсаңыз, ертегі жақсыны үйреніп, қабылдауға, жаманнан жиреніп аулақ болуға шақырады. Соның бірі «Тыңда балам ертегі» сериясынан басылып шыққан «Бақа мен бұлбұл», «Тапқыр қойлар» және тағы басқа ертегілерін балалар бөлімінен алып оқуларыңа болады.
Естенов, А. Көне кенттер күмбірі : балаларға арналған өлеңдер мен жұмбақтар. Нұр - Сұлтан : Фолиант, 2019. - 160 б.
Кітап "Өлкетану мектебі" , "Табиғаттану мектебі", "Салауаттану мектебі", "Ой ұшқырлау мектебі", аталатын төрт бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде оқушылар орта ғасыр қойнауында "саяхаттап", Аспара, Баласағұн, Қарнақ, Сарайшық, Сығанақ сынды көне кенттермен танысып, олардың қыр-сырына қанықса, екінші бөлім кішкентай оқырмандарын табиғат таңғажайыптарымен таңдандырады. Үшінші бөлім, аты айтып тұрғандай , балдырғандарды салауатты өмір салтын ұстана спортқа бейім болып, шынығып, шыңдалып, өсуге құлшындыратын танымдық өлеңдерден тұрады.